Алматы облысында қытай азаматтарын соққыға жықты деп айыпталған бес жігітке қатысты сот басталды, деп хабарлайды Atameken Business.
Процесс Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылында өтуде. Ақ қар, көк мұзға қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінен сотталушыларды қолдауға халық көп жиналды. Олар сот залына сыймай, процесті басқа бөлмеде тікелей эфирде монитор арқылы қарады.
Қытай азаматтарын ұрды деген бес қызылағаштық жігіттің төртеуіне бұзақылық бабы бойынша айып тағылған. Ал, Сарқыт Салханов есімді азаматқа денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру бабы қосылған.
Судья күдіктілерді кепілмен босату жөніндегі қорғаушының өтінішін қанағаттандырмады.
Сот процесі барысында анықталғандай жәбірленуші – 24 адам. Оның 21-і Қытай азаматы, үшеуі қазақстандық. Үшеудің біреуі полиция қызметкері. Бірақ сот отырысына жәбірленуші тараптың, яғни Қытай азаматының бірде-біреуінің келмеуіне байланысты процесс 24 желтоқсанға шегерілді.
Айта кетейік, қазан айында Талдықорған-Өскемен тас жолында жол салып жатқан 3 Қытай азаматы жұмыс барысында Қытай азаматы, этникалық қазақты ұрған болатын. Артынша бес қызылағаштық жігіт кек қайтарамыз деп, бірнеше қытай жұмысшысын соққыға жыққан. Олардың екеуі бұрын да сотталған екен.