Қытай билігі Ресейдің Забайкальск өлкесімен шекараласқан Маньчжоули қаласында карантин жариялады. Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы қалада коронавирустік пневмонияның екі жағдайы тіркелген. Бұл туралы Қытайдың орталық теледидары хабарлады.
"Шамамен 172 мың адам тұратын қалада жиындар мен көпшілік іс-шараларға тыйым салынып, ойын-сауық орындары, мектептер мен балабақшалар уақытша жабылды. Қала билігі барлық тұрғындарды жаппай тестілеуден өткізуге дайындық туралы хабарлады. Сонымен қатар теміржол арқылы жолаушыларды тасымалдау да уақытша тоқтатылды", – дейді таратылған хабарламада.
Айта кетсек, Маньчжоули қаласы Қытай мен Ресей шекарасындағы маңызды логистикалық орталық. Қалада "Забайкальск – Маньчжурия" жүк және жолаушылар өткелі орналасқан.
Өткен тәулікте Қытайда коронавирус инфекциясының 17 жаңа дерегі тіркелді. Оның екеуі Маньчжоулида, біреуі Шанхайда тіркелген. Ал 14 жағдай шетелден келген жолаушылар арасында анықталды.
Нұржан Көшкін