Қытайдың фармкомпанияларының дәрілері сатылымнан алынып жатыр. Еліміздегі дәріханаларда еркін сатылып келген препараттардың адам денсаулығына аса қауіпті екені анықталды, деп хабарлайды КТК.
Қытайдың фармкомпаниясы шығаратын қан қысымы жоғары адамдарға арналған 3 дәріні денсаулық сақтау министрлігі сатылымнан мүлдем алып тастамақ.
Отандық дәріханаларда "Вазар", "Нортиван", "ВазарН" сатуға тыйым салынады. Бұл препараттардың құрамында валсартанның белсенді қоспасы бар екен. Оны ұзақ уақыт ішсе, қатерлі ісік тудырады дейді мамандар. Министрлік бұл дәрілердің қауіпті екенін енді біліпті. Ал жүрек-қантамыры дертіне шалдыққандар қара тізімге енген препараттарды тұрақты пайдаланып келген. Оны бірден тоқтатуға да болмайды. Шенеуніктер дәрігердің кеңесімен балама дәрілерге ауысуға шақырып отыр.
"Қазір дәріханалардан қауіпті препараттар жаппай алынып жатыр. Бұл өзгерістің адамдарға аса зияны тимейді. Дәрігерлерді де ескерттік. Науқастар міндетті түрде ақ халаттылармен кеңесіп шешім қабылдау керек. Бұл препараттардан біз ғана емес, еуропалықтар да бас тартты", - дейді ДСМ Фармацептикалық бақылау және мониторинг орталығы басшысының орынбасары Мәлік Әбдірахманов.