Қытайға рапс күнжарасы мен жоңышқа экспорттау жоспарланған. Өнімдердің фитосанитарлық талаптарға сәйкестігін оңтайландыру үшін келер айда қазақстандық өндіріс орындарына қытай делегациясы келеді. Бұл туралы бүгін "Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан қой етін Қытайға экспорттауға жол ашты" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Қытай Халық Республикасының сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасымен Қазақстан Республикасынан ҚХР-ге ауыл шаруашылығы тауарларын кедергісіз алып келу бойынша әкімшілік және ветеринарлық талаптарды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған дейін ҚХР-дің сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасымен бидай партиясын, сояны, бидай кебегін экспорттау бойынша келісімдерге қол жеткізілген болатын.
2018 жылғы 20 наурызда Қытайдың сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасының арнайы сайтында мұздатылған қой етінің ветеринарлық сертификат талаптарын келісу және Қазақстанның 9 облысына осы өнімді импорттауға рұқсат беру туралы ақпарат орналастырылған болатын. Нодулярлық дерматит бойынша қойылған шектеулерге байланысты мұздатылған қой етін экспорттау әзірге тек темір жол көлігімен жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша жұмыс тобының 4-ші кеңесінде 2018 жылы маусым айында арпа мен жүгері өндіру бойынша біріккен инспекция өткізу туралы келісімге қол қойылды.