Бұл жағдай аясында көптеген елдер күрделі сын-қатерлерге тап болуда. Дегенмен осындай әлемдік дағдарысқа қарамастан Қытай экономикасының әлемдік нарықта тұрақты дамуының сыры неде? Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Астанада өткен "2026 жылғы Қытайдың екі сессиясының рухы" тақырыбындағы баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, халықаралық ахуалда өзгерістер мен тұрақсыздық қатар өршіп тұрғанына қарамастан, Қытай экономикасы жалпы әлемдік үрдіске қарама-қайшы түрде жүйелі әрі тұрақты өсім көрсетіп отыр.
"Қазіргі халықаралық жағдайда тәуекелдер мен сын-қатерлер артып келеді. Соған қарамастан Қытай экономикасы тұрақты әрі дәйекті өсімін жалғастырып отыр", – деді елші.
Елшінің мәліметінше, 2025 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өскен. Ал "14-бесжылдық" кезеңінде ел экономикасының жыл сайынғы өсімі 10 трлн юаньнан асып, бес жылдағы жалпы өсім 35 трлн юаньға жеткен. Бұл шамамен 5 трлн АҚШ долларына тең.
Сонымен қатар экономиканың сапасы да айтарлықтай жақсарған. Жоғары технологиялық машина жасау мен жабдық өндірісі 9 пайыздан астам өссе, өнеркәсіптік роботтар мен интегралдық схемалар өндірісі тиісінше 28 және 10,9 пайызға артқан. Ал жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктер өндірісі 16 миллионнан асып, цифрлық экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 10,5 пайыздан жоғарылаған.
Елшінің айтуынша, Қытай экономикасының тұрақтылығы төрт негізгі факторға негізделген.
Біріншіден, қытайлық ерекшелігі бар социализмнің артықшылықтары. Бұл жүйе ірі міндеттерді шешуге күшті жұмылдырып, ұлттық деңгейде үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ауқымды ішкі нарық. Халқы 1,4 миллиардтан асатын және орта тап өкілдері 400 миллионнан көп Қытай – әлемдегі ең ірі тұтыну нарықтарының бірі. Бұл инновацияны дамытуға және өндіріс шығындарын азайтуға ықпал етеді.
Үшіншіден, кешенді өнеркәсіптік жүйе. Қытай – БҰҰ өнеркәсіптік классификациясындағы барлық санаттарды қамтитын жалғыз ел. Өңдеу өнеркәсібінің жаһандық үлесі шамамен 30 пайызды құрайды және бұл салада Қытай 16 жыл қатарынан әлемде көш бастап келеді.
Төртіншіден, кадрлық әлеует. Елде жоғары білімді 250 миллионнан астам адам бар, ал білікті мамандар саны 220 миллионнан асады. Ғылыми қызметкерлер саны бойынша да Қытай әлемде бірінші орында.
"Қытаймен бірге даму – болашақпен бірге даму деген сөз", – деді елші.
Сондай-ақ ол Қытай алдағы уақытта да ашықтық саясатын жалғастырып, халықаралық сауда мен инвестицияны дамытуға басымдық беретінін атап өтті.
Елші Қытайдың жаһандық өндірістік тізбектердің тұрақтылығын қолдайтынын және әділ халықаралық экономикалық тәртіпті сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Сөз соңында ол барлық елдерді, соның ішінде Қазақстанды да Қытайдың даму мүмкіндіктерін бірге пайдалануға шақырып, өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ өркендеуге үндеді.