Қытай экспорты 2023 жылы 4,6%-ға төмендеп, 3,38 триллион долларды құрады, ал импорт 5,5%-ға төмендеп, 2,55 триллион долларды құрады. Мұндай мәліметтерді 12 қаңтар күні Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы хабарлады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Прайм ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы доллармен есептегенде сыртқы сауданың жалпы көлемі 5,93 триллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 5%-ға аз.
Сонымен қатар, 2023 жылдың желтоқсанында Қытайдың сыртқы сауда көлемі 532 миллиард долларға дейін жуықтады. Бұл 2022 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 1,4%-ға жоғары. Ал желтоқсан айындағы экспорт көлемі 303,6 миллиард долларға дейін жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға артық. Сондай-ақ, импорт көлемі 228,2 миллиард долларды құрады, бұл көрсеткіш 2022 жылдың желтоқсанына қарағанда 0,2%-ға артық.
2023 жылы тауар айналымы бойынша, АСЕАН, ЕО және АҚШ Қытаймен көшбасшы ретінде қалды. Бұл ретте, Қытайдың АСЕАН-мен тауар айналымы 911,71 миллиард доллар, ЕО-мен 782,98 миллиард доллар, АҚШ-пен 664,45 миллиард долларды құрады. Қытайдың Латын Америкасы елдерімен тауар айналымы есепті кезеңде 489 миллиард долларды, ал Африка елдерімен 282 миллиард долларға дейін жетті.