2022 жылғы 19-23 қыркүйек аралығында Үрімші қаласында (Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, ШҰАА) гибридті форматта ШҰАА мен Еуразия елдері арасындағы сауда, қаржы, инвестициялар, туризм, ғылым, жаңа технологиялар және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған VII Халықаралық "Қытай – Еуразия" көрмесі өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әділбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Давлатали Саидов және Еуразия өңірі елдерінің басқа да жоғары лауазымды басшылары сәлемдемелік бейнеүндеу жасады. Қытай тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Ху Чуньхуа, ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Ван Шоувэнь, ҚХР ШҰАА Партия комитетінің Хатшысы Ма Синжуй, сондай-ақ ШҰАА Халық үкіметінің Төрағасы Эркин Тунияз қатысты.
Іс-шараға Еуразия өңірінің 32 елінен 3 мыңнан астам кәсіпорын қатысуда.
Көрме аясында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің, "Kazakh Invest "ҰК" АҚ және "Қытай – Еуразия" Көрмесі хатшылығының ұйымдастыруымен гибридті форматта "Қазақстан – ШҰАА кәсіпкерлер форумы" өткізілді. Іс-шараның мақсаты – екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды жандандыру және сауда мен инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту болды.
Форумда Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен экономикалық әлеуеті, елімізде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар, сондай-ақ ҚР ұлттық компаниялардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жалпы сомасы 475 млн АҚШ долларды құрайтын мыс және цирконий концентратын сатып алу, қазақстандық жемістер мен көкөністерді Қытайға экспорттау, автоклавты газоблоктарды өндіру және басқа бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Көрме аумағында барлық қатысушылар арасында Қазақстанның ең ірі ұлттық павильоны орналастырылған, онда 20 ірі қазақстандық тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс материалдары өндірісінің (күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, бал, ұн, макарон өнімдері, шырындар, спирттік ішімдіктер және басқа да өнімдер) 140-тан астам өнім түрлері ұсынылған.
Қазақстандық павильонның жұмысы 23 қыркүйекке дейін жалғасады. ҚХР-ға қазақстандық өнімді жеткізуге келісім-шарт жасасуға мүдделі Қытайдың іскерлік топтарының өкілдеріне консультативтік қолдау көрсетілуде.