Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) Қытай ғалымдары болжаған жойқын жер сілкінісіне қатысты әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында тараған мәліметтерге түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соңғы күндері қазақстандық БАҚ пен мессенджерлерде Қытай ғалымдары мықты жер сілкінісін болжады деген ақпарат жиі тарауда. Осыған байланысты ТЖМ жанындағы Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын түсіндірді.
Пекин жер сілкінісі агенттігінің Чжу Хунбин бастаған тобы Қытайдың кейбір аймақтарында 30-40 жыл сайын күшті (8 баллдан жоғары) жер сілкінісі болу ықтималдығын зерттеген.
Бұл зерттеу тек Қытай аумағындағы — Сычуань, Юньнань және Шығыс Гималайдағы сейсмикалық белдеулерге қатысты.
Аталған аймақтар Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықта орналасқан, және біздің еліміздің сейсмикалық жағдайымен еш байланысы жоқ.
"Қытай ғалымдары 8 балдық жер сілкінісін болжады" – Бұл нақты болжам емес, тек ғылыми гипотеза. Ғалымдар белгілі бір уақыт пен орынға қатысты нақты жер сілкінісін болжаған жоқ, тек геологиялық циклдік өзгерістерге назар аударды.
"Қытайдағы зілзала Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді" – Бұл да шынайы ақпарат емес. Зерттелген өңірлер Қазақстаннан тым алыс, және ондағы жер сілкіністері біздің елге тікелей әсер етпейді.
ТЖМ азаматтарды сабыр сақтап, ресми дереккөздерге ғана сенуге, ал әлеуметтік желілерде тараған бейресми ақпараттарға сыни көзбен қарауға шақырады.