Қытай Илон Маскқа ғарышта бәсекелес тапты

743

Шанхайлық компания жылдам интернет үшін Жердің төменгі орбитасына мыңдаған спутник шығаруды жоспарлап отыр.

Қытай Илон Маскқа ғарышта бәсекелес тапты Фото: Форекс

Ол әлемнің 30-дан астам елімен келіссөзге кірісіп, Қазақстанда жұмысын бастап кеткенін жариялады. 

Илон Масктің космостағы үстемдігіне қауіп төніп тұр. Технологиялық миллиардердің Starlink байланыс желісіне жоғары жылдамдықты спутниктік интернет саласында бәсекелестер пайда бола бастады.

Солардың қатарында Қытайдың мемлекет қаржыландыратын сервисі мен Джефф Безостың Amazon.com компаниясының қолдауына сүйенген оператор бар.

Шанхайда орналасқан SpaceSail қараша айында Бразилияға кіру туралы келісімге қол қойып, 30-дан астам елмен келіссөздер жүргізіп жатқанын жариялады. Арада екі ай өткенде ол Қазақстанда жұмысын бастаған. Мұны "Рейтер" агенттігі Бейжіңдегі Қазақстанның елшілігіне сілтеме жасап хабарлады.

SpaceSail-дің мәлімдеуінше, оның мақсаты  қолданушылардың көп бөлігін, әсіресе, шалғайдағы аудандарды төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде сенімді интернетпен қамтамасыз ету.

Бразилия Безостың Project Kuiper интернет-сервисімен және Канаданың Telesat компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жөніндегі мәлімет алғаш рет таралып отыр.

Starlink 2020 жылдан бастап Жердің төменгі орбитасына  2000 шақырымнан пәс биіктікке бәсекелестері бірігіп жіберген жерсеріктерден әлдеқайда көп спутниктерді шығарды. Мұндай төмен биіктікте жұмыс істейтін спутниктер деректерді өте тиімді жіберіп, шалғайдағы елді мекендерді, теңіздегі кемелер мен соғысып жатқан әскерлер үшін жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етеді.

Бейжің Масктің ғарыштағы үстемдігін қауіп санайды. Сондықтан Қытайдың бұрын жария етілмеген корпоративтік құжаттары мен ғылыми жұмыстарына жүгінсек, бұл мемлекет спутниктер шоғырын қадағалап отыратын құралдарды әскери зерттеуге мол қаржы бөліп отыр.

Астрофизик Джонатан Макдауэллдің дерегінше, өткен жылы Қытай Жердің төменгі орбитасына рекордтық 263 спутник жіберген.

Шалғайдағы елді мекендерін жылдам интернетпен қамтамасыз еткісі келетін Бразилия болса, Starlink-те осындай бәсекелестер пайда болғанына ашық қошемет білдіріп отыр. Айта кетсек, бұған дейін Бразилия Маскпен сауда мен саясат мәселесінде дауласқаны бар.

Масктің халықаралық конкуренттері қатарында Шанхай қалалық әкімшілігіне бағынышты SpaceSail тәрізді үлкен амбициялы компаниялар көп емес. SpaceSail биыл Жердің төменгі орбитасына 648, ал 2030 жылға дейін 15 000 спутник шығаруды жоспарлап отыр.

Макдауэллдің сөзінше, қазір Starlink-те 7 000 жерсерік бар. Ал осы онжылдықтың соңында Маск ғарышта 42 000 спутник пайдалануды көздеп отыр.

SpaceSail-мен бірге Қытай "Мың желкен" спутниктері шоғырын кең жолақты интернет үшін қолдануға әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, бұл ел қазір тағы үш осындай сателлиттер желісін жасақтауға кіріскен. Бейжің таяу онжылдықтарда космосқа 43 мың спутник жеткізуді жоспарлап отыр. Қытай бірнеше жерсерік тасымалдайтын ракета жасауға инвестиция салмақ.

Қытайдың Жердің төменгі орбитасын көбірек иеленуге асығуы Бейжіңнің интернеттегі цензура режимінің ауқымын кеңейтуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Америкалық сыртқы саясат кеңесі зерттеу орталығының ғалымдары ақпан айындағы мақаласында айтқандай, Вашингтон "Қытайдың цифрлық үстемдікке деген күшейіп келе жатқан ұмтылысына қарсы тұрғысы" келсе, Жаһандық оңтүстік елдерімен ынтымақтастықты арттыруы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу