Қытайдағы Шанхай шет тілдер университетінде биылдан бастап "Қазақ тілі" мамандығы ашылады, деп хабарлайды inform.kz.
Шанхай университетінің ресми сайтында Қытайдың білім министрлігінің жаңа мамандықтар ашу туралы жоғары оқу орындарының ұсынысына берген жауабы жарияланды.
Бұл университетте тағы төрт шет тілі мамандары даярлана бастайды.
"Шанхай шет тілдер университетінің орыс тілі факультетіне "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында экономикамен тығыз байланысты мемлекеттік бағдарламаларды дамытуға қажетті мамандарды даярлау мақсатында, қазақ, өзбек, поляк және чех тілдері мамандықтарын қосу туралы шешім қабылданды", – деп жазылған.
"Қазақ тілі" және "Поляк тілі" мамандықтарына алғашқы абитуриенттер 2017 жылдың қыркүйегінен қабылданады.
Шанхай университеті 1949 жылы құрылған және шет тілдерін оқытатын Қытайдағы ең үлкен жоғары оқу орны. Бүгінде онда 32 түрлі тіл мамандығы бар.