Қытай Қазақстан арқылы өтетін теміржол тасымалын 3,5 млн тоннаға арттырмақшы

1359

Өткен жылы Қытай Қазақстан теміржолдары арқылы 17,6 млн тонна жүкті контейнермен тасымалдаған.

Қытай Қазақстан арқылы өтетін теміржол тасымалын 3,5 млн тоннаға арттырмақшы

"ҚТЖ" АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып саналатын "KTZ Express" компаниясы қытайлық тасымал компанияларымен 2020 жылы бірге атқарылатын шаруалардың жоспарын пысықтады. Кейінгі екі жылда Қазақстан теміржол дәлізі арқылы жүк тасымалдаудың тиімділігіне көздері жеткен Қытай тарапы биыл да тасымал көлемін арттырмақшы. 

"Контейнер арқылы транзиттік тасымалдың көлемін былтырғыдан 15-20%-ға арттыру жоспарда бар. "KTZ Express" АҚ басшылары Қытайдың Сиань қаласындағы мемлекеттік логистикалық орталық өкілдерімен және қытайлық теміржол ұйымдарының еншілес компания өкілдерімен келіссөз жүргізген болатын. Кездесу кезінде Қытай – Каспий– Қытай мен Қытай – Орталық Азия – Қытай, Қытай – Еуропа – Қытай теміржол дәліздерін кеңінен пайдалану мәселесі сөз болды. Бұдан бөлек Қытай–Ресей, Беларусь–Қытай бағытындағы тасымалдарды да Қазақстан арқылы өткізу жоспары пысықталды", – делінген "ҚТЖ" баспасөз қызметі таратқан мәліметте. 

Қазақстан теміржол дәлізіне Ресей мен Беларусь елінің назары аударуы бекер емес. Қытаймен жүк тасымалында Қазақтан аумағын пайдалану әлдеқайда тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдей бастады. Ал балама бағыттарда қазақстандық дәліздердегідей өсім байқалмай отыр. 

"Бұл жерде трансқазақстандық маршруттардың тарифі тартымды болып тұр. "ҚТЖ" ұлттық компаниясы көрсететін қызметтің сапасына да тасымалдаушылар риза", – дейді "KTZ Express" бас директорының сауда жөніндегі орынбасары Мадина Ахметжанова.

2019 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк айналымы 17,6 млн тонна болған. Оның 6,8 млн тоннасы Қытайдан Қазақстан аумағына қарай бағытталса, 10,8 млн тоннасы Қазақстаннан Қытайға қарай бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу