Осыдан біраз бұрын отандық ақпарат құралдары шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, шығыс көршінің Cathay Industrial Biotech Ltd компаниясы осы ауқымды жобаны қолға алып, қаржыландыратынын жарыса хабарлады. 2018 жылдың тамызында аталған кәсіпорынның салынатыны туралы жария етілді. Бұл ретте жаңа зауыт жыл сайын 2,5 миллион тонна бидай мен жүгеріні өңдеп, одан 500 мың тонна нейлон мен пластмасса, сондай-ақ желім, ароматизаторлар, майлаушы материалдар және ұнтақты жабынғылар жасайтыны айтылды.
ҚХР-да 1997 жылы құрылған Cathay Industrial Biotech молекулярлы биология саласында жұмыс жасайды.
Енді Қостанай облысындағы 2,5 миллиард доллар тұратын бұл жобаға қытайлардың шынында, ынтасы жоқтығы мәлім болды. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады.
"2018 жылы Қытайға сапарлар барысында пентаметилендиамин DN5 (нейлон) алу үшін бидай мен жүгеріні өңдейтін зауыт құрылысына қатысты келіссөздер жүргізілді. Алайда инвестор тарапынан қызығушылықтың болмауына байланысты қазіргі уақытта бұл жобаны жүзеге асыру қарастырылмайтын болады", – деп түсіндірді журналистерге аталған мекеме.
Жанат Ардақ