Қытай Қазақстандағы зауытқа 1 млрд доллар инвестиция салмақ

1266

Жоба аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Қытай Қазақстандағы зауытқа 1 млрд доллар инвестиция салмақ Фото: bizmedia.kz

Қытайдың CITIC Construction мемлекеттік компаниясы Алматы облысындағы астықты терең өңдеу зауытының құрылысына 1 млрд доллардан астам инвестиция салмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталмыш кәсіпорында тәттілендіргіштер мен натрий глюконатын шығару жоспарланған.

Жоба Алматы облысындағы "Қазбек бек" индустриалды аймағында жүзеге асырылады.

Министрлік зауытта мальтоза шәрбаты, фруктоза шәрбаты, кристалды фруктоза, аллюлоза, кристалды декстроза, натрий глюконаты, глютенді қосалқы өнімдер мен жем сияқты өнімдер шығарылатынын атап өтті.

Зауыттың өңдеу көлемі жылына шамамен 300 мың тонна астықты құрап, өнімнің жалпы құны 2 миллиард долларға жуық болады деп болжанған.

"Жобаның инвесторы – қытайлық CITIC Construction компаниясы. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,07 миллиард АҚШ доллары, ал өнімнің жалпы құны 1,87 миллиард АҚШ долларын құрайды", – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, 2024 жылдың шілде айында Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларымен Қазақстанның етті мал шаруашылығына 600 млн доллар инвестиция салуға келіскен еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу