Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа Жолдауында: "Халықаралық ынтымақтастық аясындағы ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет", – деді.
Естеріңізге сала кетсек, Жібек жолы Экономикалық белдеуі жобасы 2013 жылы қыркүйекте Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге ресми сапары барысында айтылған болатын. Қазір соған қатысты қауырт жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Соның ең ауқымдысы ретінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолынының салынғанын атай кетуге болады.
Жуырда Қытайдың халық торабы: "Қазір Қазақстан мен ҚХР-дың өндіріс, энергия саласындағы ынтымақтастығы 51 нысанға жетіп, екі елдің осы мақсатта құйған инвестиция көлемі 26 млрд 800 млн долларды құрады. Мұның ішінде көптеген нысан ресми жұмыс бастады", – деген ақпарат таратты.
Демек, қытайлықтар Жібек жолы Экономикалық белдеуі бойындағы маңызды мемлекет саналатын Қазақстанға көп үміт артып отыр. Сондықтан олар Еуропа нарығына шығу үшін қазақстандық өндірістерді өркендетуге мүдделі.