Қытай компаниялары Қазақстанның үш өңірінде астық пен жүгері өңдейтін зауыттар салады

282

Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қытай компаниялары Қазақстанның үш өңірінде астық пен жүгері өңдейтін зауыттар салады Фото: gov.kz

"Бүгінгі таңда үш маңызды жобаны іске асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жобалар астық пен жүгеріні терең өңдейтін зауыттар салуды көздейді. Бұл бастамалар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға көмектеседі. Алматы облысында астықты терең өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр", – деді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, "Shanghai Side Cheng Biotechnology" және "CITIC" консорциумы салатын зауыттың өндіріс қуаты 1-кезеңде – жылына 300 мың тонна, 2-кезеңде – жылына 600 мың тонна, 3-кезеңде жылына 1 млн тонна болмақ. Жобаның құны 1-кезеңде – 170 млн АҚШ доллары, 2-кезеңде – 350-450 млн АҚШ доллары, 3-кезеңде – 450-550 млн АҚШ доллары. Жобаның жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асады. Өндірістің жалпы көлемі шамамен 2 млн тоннаға дейін жетеді. Болашақта оның қуатын арттыру жоспарланған.

"Қытайлық "Shijixianghe agribusiness Group" компаниясы Ақмола облысында жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1,6-1,8 млрд АҚШ доллары шамасында. Қытайлық "Fufeng Group" компаниясы Жамбыл облысында жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Өнеркәсіптік парк құрамында крахмал мен қант зауыты, аминқышқылдарын ашыту зауыты, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы және сарқынды суларды тазарту станциясы болады. Жоба құны 350 млн АҚШ доллары деп бағаланады. Бұл жобаның әлеуетті нарықтары – Еуропалық одақ, Солтүстік Америка және Таяу Шығыс елдері", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу