Қытай билігі 2020 жылы ұлттық қорғанысқа бөлінетін қаражатты 6,6%-ға, яғни 178,8 млрд долларға дейін өсіруді көздеп отыр. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлап жатыр.
Ескере кететін жайт, қорғанысқа бөлінетін қаржы көлемін өсіру қарқыны 2019 жылғымен салыстырғанда төмендеу. Былтыр бұл көрсеткіш 7,5% болған еді. Қазіргісі – 6,6%, бұл соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш.
Бұған дейін Қытай қорғаныс бюджетінің жасырын бөлігі бар екенін жоққа шығарған еді. Бейжің 2007 жылдан бері әскери шығындардың қайдан алынғаны, қайда жұмсалатыны туралы мәліметті БҰҰ-ға беріп келеді екен.
Стокгольмдағы әлем мәселелерін зерттеу институтының дерегіне сүйенсек, Қытай қорғанысқа кететін қаражат көлемі бойынша АҚШ-тан (686 млрд доллар) кейін екінші орында. Дегенмен бірқатар халықаралық ұйым ҚХР әскери бюджетке қатысты деректерді жасырып отыр, ондағы көрсеткіштер шын мәнінде 20-50%-ға көп болуы мүмкін деген пікірде.
Табиғат Нұрболат
Фото: trtworld.com