Қытай көшелерінде адамдардан ақша сұраған роботтың видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кадрларда андроидтың өтіп бара жатқан адамдарға: "Қуаттағышымның қуаты таусылып барады, өтінемін, көмектесіңіздерші", – деп үн қатқаны көрінеді.
Ерекше көрініске куә болған кейбір тұрғындар роботтың алдына қойылған ыдысқа ақша салып жатқан.
Бұл жағдай интернет қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік әзіл-қалжыңға басып, енді қайыр сұраушылардың орнына роботтар жұмыс істей бастағанын жазуда.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, бұл тәжірибе, жарнамалық науқан немесе роботтың мүмкіндіктерін көрсетуге арналған арнайы қойылым болуы мүмкін. Алайда роботтың әрекеті көпшіліктің қызығушылығын тудырып, желіде қызу пікірталасқа себеп болды.
Бұған дейін Робот Қытайдағы әйгілі Лунцзин шайын теруді үйренгенін жазған едік.