Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы басталды

Бұл туралы қырғыз бен қытайлық тараптың кездесуінен соң айтылды.  

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы басталды Фото: news.kg

Құрылыстың барлық кезеңінде экологиялық және қауіпсіздік нормаларына ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Қытай мемлекеттік теміржол корпорациясы бас директорының орынбасары Ван Лисин бастаған делегациямен жолыққан.

– Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы практикалық кезеңге аяқ басты. Тоннельдер, уақытша инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізіліп келеді, негізгі ұйымдастырушылық және әкімшілік мәселелер шешіліп жатыр, – деп жазылған хабарламада.

Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті баспасөз қызметі қос тарап одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа сенім білдіргенін атады. Жобаға барлық қатысушының ұлттық заңнаманы, кәсіби этиканы және қоғамдық тәртіпті сақтауының маңыздылығы атап өтілген.

Мұнан өзге жүк тасымалының болжамды көлемін қалыптастыру, Теміржол мамандарын даярлау академиясын ашу, Торугарт, Макмал, Жерге-Тал, Жалал-Абад экономикалық аймақтарын құру сияқты негізгі даму бағыттары да назардан тыс қалмады.

Бақыт Торобаев инвестициялық келісімге сәйкес жобада жұмыс істейтін қырғыз азаматтарының үлесін арттыруды ұсынып отыр. Ол сонымен қатар, жергілікті жеткізушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алу басым болса деген де ой-пікірін айтып өткен.

Тараптар жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірқатар мәселені бірлесіп зерттеуді бастауға уағдаласқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу