Қытай мен Орталық Азия арасындағы алғашқы жүк пойызы Павлодарға жетті

981

Қытай мен Орталық Азия арасындағы алғашқы жүк пойызы Павлодарға жетті

Павлодарға Қытайдың Шаньси провинциясынан алғашқы пойыз 7 күнде келіп жетті. Пойыз Тайюаннан тікелей бағыт бойынша жүк жеткізді, деп хабарлайды ҚазТАГ.
Бұл провинция мен Орталық Азия арасындағы бірінші жүк пойызы.
"Бағыт "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Қытай Қазақстан, Ресей және одан әрі Еуропаға теміржол арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Тасымалдаудың бұл түрі өзгесіне қарағанда арзан екенін түсінеміз. Сонымен қатар, жүкті жеткізу уақыты едәуір қысқарады.
Егер Қытайдан Еуропаның ең үлкен Роттердам портына бару 40 күнге созылатын болса, оған  пойызбен жету әлдеқайда жылдам болады", - деді Павлодар облысының инвестиция тарту агенттігінің жетекшісі Әнуар Мұқышев.
"Қытай әртүрлі бағыттарға теміржол арқылы тасымалдауды сынап көріп жатыр. Алғашқы пойыз Павлодарға келді. Ұзындығы 3,7 мың шақырым болатын маршрут жолды жеті күнде жүріп өтті. Коммерциялық жүк жеткізілді, енді оны көп ұзамай түсіру жұмыстары басталады", - деді Әнуар Мұқышев.
Оның айтуынша, Павлодар мен Қытай кәсіпкерлері тауар алмасуының қосымша мүмкіндігіне ие болды.
"Біз пойыздың бір жақты болмағанын қалаймыз. Қыркүйек айында Павлодар облысының делегациясы Қытайдың Шаньси және Шэньки провинцияларына барып, Қытай Халық Республикасына сатылатын нарықты іздеді. Сондықтан, бұл маршрут біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне үлкен көмек. Бұл алдымыздағы міндетті айтарлықтай жеңілдетеді", - дейді агенттік жетекшісі.

Еске салайық, Қытай халықаралық коммерциялық тасымалдаудың қуатты көлік желісін құруға арналған "Бір белдеу - бір жол" жобасын дамытып жатыр. Келісімге қазірдің өзінде 40 ел қол қойды, Голландия, Англия, Беларуссия және Иранға теміржол маршруты ашылды. Бұдан басқа, 29 қыркүйекте Қытайдың Үрімші қаласынан пойыз Қазақстан арқылы Голландияның Роттердам қаласына жол тартқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу