ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл Қытайдың Shanghai Spacecom Satellite спутниктік компаниясымен меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
– Біздің міндетіміз – байланыс нарығында бәсекеге қабілетті жағдай жасау. Бұл интернеттің сапасын және қамту аймағын жақсартатын негізгі бағыттардың бірі деп санаймыз. Қазір нақты келіссөздер жүргізудеміз, бірақ әлі меморандумға қол қойылған жоқ. Қытайдың (Shanghai Spacecom Satellite – ред.) компанияларының бірі мұнда станция құруға және біздің шарттарға келісуге дайын екенін білдірді. Негізінен олар осы жерде дамуды қалайды. 2025 жылы олармен меморандумға қол қойып, мерзімдерді нақтылауды жоспарлап отырмыз. Қазір ештеңе белгісіз. Бірақ түсінікті болуы үшін айта кетейін, осы және басқа да қытайлық компаниялар елге келуге ниет танытып отыр. Олар қазір спутниктік станцияларды іске қосу сатысында тұр, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков "Астана хабта" өткен стратегиялық талқылауда.
Оның айтуынша, Starlink (3000 спутник) және OneWeb (340 спутник) сияқты ірі ойыншылармен салыстырғанда, қытайлық компания әзірге аз мөлшерде спутник қосуда. Бүгінде олар 18 спутник орналастырды және 2025 жылдың қаңтарында тағы 18 спутник ұшыруды жоспарлап отыр.
Д.Сейсембеков қазақстандық министрліктің шетелдік компаниялармен бірнеше меморандумға қол қойғанын да атап өтті. Атап айтқанда, OneWeb компаниясымен меморандум жасалған, бұл компания биыл коммерциялық қызметтерді ұсына бастайды.
Сондай-ақ, өткен жылы Amazon Kuiper компаниясымен меморандумға қол қойылды, олар Қазақстанда 2025 жылдың соңына қарай жұмысын бастауды жоспарлап отыр.