Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қытайлық танымал суретшілер мен каллиграфия шеберлерінің қатысуымен мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу соңында қытайлық өнер иелері Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен мәдени байланыстың белгісі ретінде өз туындыларын мәдени орталыққа сыйға тартты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің, сондай-ақ Қытайдың шығармашылық және іскерлік қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Мәдени шара Global Tourism Channel телеарнасының "Әлемдік каллиграфия және кескіндеме" бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту.
Қатысушылар Қазақстанның мәдени орталығының қызметімен және оның мәдени-ағартушылық жобаларымен танысты. Сондай-ақ Қазақстанның дәстүрлі және заманауи өнері туралы ақпарат алды.
Бағдарлама барысында қытайлық шеберлер ұлттық мәдениеттің ерекшелігін көрсететін дәстүрлі кескіндеме мен каллиграфия туындыларын таныстырды.