Қытай, Түркия, Иордания және Араб елдері Қазақстанның агроөнеркәсібіне қызығушылық танытып отыр

312

Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік және трансұлттық ірі компанияларды елге тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 

Қытай, Түркия, Иордания және Араб елдері Қазақстанның агроөнеркәсібіне қызығушылық танытып отыр Фото: canva

Бұл бағыттағы нәтижелер туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркияның Alsera компаниясы Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу жобасына қол қойған. Жобаның жалпы құны – 650 млн АҚШ доллары, кешен жылына 155 мың тонна қызанақ өндіреді.

Сонымен қатар, Араб елдерінің QazaqArab Sugar компаниясымен Алматы облысында қант зауытын салу бойынша келісім жасалған. Зауыт жылына 5 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 500 мың тонна ақ қант өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның құны – 580 млн АҚШ доллары.

Бұдан бөлек, биыл тағы 8 жоба бойынша инвестициялық келісімдерге қол қою мүмкіндігі қарастырылып жатыр:

  • Қытайдың Fufeng Group және Shengtai Biotech компаниялары Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салуды көздейді. Қуаты – 1 млн тонна, құны – 350 млн АҚШ доллары.
  • АҚШ-тың PepsiCo компаниясы Алматы облысында тұзды тіскебасарлар өндіретін зауыт салмақ. Қуаттылығы - 210 мың тонна, дайын өнім – 70 мың тонна, жобаның құны – 376 млн АҚШ доллары.
  • Мажарстанның UBM Group компаниясы Қарағанды облысында жем, Алматы облысында құрама жем, Алматы қаласында премикс зауыттарын салмақ. Жалпы қуаты – 48 мың тонна премикс, 300 мың тонна құрама жем, құны – 62 млн АҚШ доллары.
  • Қытайдың Dalian Hesheng Holdings Group компаниясы Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Қуаттылығы – 400 мың тонна, құны – 650 млн АҚШ доллары.
  • Түркияның Tiryaki Holding компаниясы Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеуге арналған агроөнеркәсіп кешенін салуды көздейді. Қуаты – 240 мың тонна, бұршақ – 80 мың тонна, құны – 320 млн АҚШ доллары.
  • Даниялық Carlsberg Group Алматы облысында алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Қуаттылығы – 370 млн литр, жобаның құны – 300 млн АҚШ доллары.
  • Польша компаниясы Fabe Agro Шымкентте заманауи жылыжай кешенін салмақ. Жылдық қуаты – 36 мың тонна қызанақ пен қияр, құны -– 120 млн АҚШ доллары.
  • Иорданиялық AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY және қазақстандық Айтас КЗ ЖШС бірлесіп Алматы облысында құс етін өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асырмақ. Қуаттылығы – 35 млн жұмыртқа, 1000 тонна бройлер еті, құны – 15 млн АҚШ доллары.

– Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмысы бұдан әрі де мемлекет және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғастырылады, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу