Қытай Жапонияның "сыртқы қауіптер" туралы мәлімдемесін сынады

231

Бейжің бұл мәселеде өз ұстанымын ашық айтты. 

Қытай Жапонияның "сыртқы қауіптер" туралы мәлімдемесін сынады Фото: xinhuanet.com

Қытай Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Цзян Бинь бейсенбі күні Жапонияның "сыртқы қауіптерді" асыра көрсетуін сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Журналистер Жапония премьер-министрінің "Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қауіпсіздік саласындағы ең ауыр әрі күрделі жағдайға тап болдық" деген сөзіне қатысты пікір білдіруді сұраған. Цзян Биньнің айтуынша, кезінде Азия халықтарына және бүкіл әлемге үлкен азап әкелген, бірақ әлі күнге дейін агрессияға қатысты тарихи қылмыстарын толық қайта қарамаған ел ретінде Жапония қазір де "сыртқы қауіптерді" әдейі ушықтырып отыр.

"Жапон үкіметінің шынайы мақсаты – ішкі мәселелерден халықтың назарын басқа жаққа бұру, халықаралық қоғамдастықты жаңылыстыру және қайта қарулануды қолға алу", – деді Цзян Бинь.

Қытай Қорғаныс министрлігінің ресми өкілінің сөзінше, Жапония ұлттық қауіпсіздікке қатысты үш негізгі құжатты қайта қарауды ілгерілетіп, шабуыл жасауға арналған әскери әлеуетін белсенді түрде арттырып жатыр. Сондай-ақ бұл елде ядролық қаруға ие болу қажеттілігі туралы да пікірлер айтылған. 

"Мұндай қауіпті қадамдардан сақ болу қажет", – деді Цзян Бинь.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу