Қытайлық Alibaba компаниясының еншілесі Ant Financial компаниясы қытай аумағында адам жүзін түстеп тануға негізделген биометриялық технологияны іске қоспақ. Бұдан былай осы жүйені пайдалану арқылы қытайлықтар төлем жасайтын болады. Бұл туралы Sohu порталына сілтеме жасай отырып abctv.kz хабарлады.
"Эксперименттік кезең аяқталды. Алдағы уақытта аталған құрылым практика жүзінде қолданылады", - дейді жоба жетекшісі Чэнь Цзидун.
Оның айтуынша, тұтынушылар әлдебір затты сатып алу үшін сатушыға бар болғаны жүзін көрсетіп, төлем жасап кете бермек. Яғни, оңай әрі ыңғайлы. Әрине, тану машинасы алушыны дұрыс сканерлеуі үшін, бірер сәтке оның түсіру ұңғысына қарап тұру керек болады. Ал қазіргі таңда алаяқтыққа жол бермеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, құрылым иелері жаңа технологияның қытай нарығына нақты қашан енгізілетінін ашып айтпады.