Қытайда балалар арасында жаппай жұқпалы ауру тарап жатыр

736

Ауруханаларда науқастар қаптап, ұзын-сонар кезек тіркелген.

Қытайда балалар арасында жаппай жұқпалы ауру тарап жатыр Фото: inbusiness.kz

Қытайда инфекциялық жұқпалы ауру жаппай тарап жатыр. Дерт, әсіресе, балалар арасында дендеп тұр. Қазір барлық аурухана күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Қалыптасқан жағдай жергілікті билікті алаңдатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бейжіңде барлық ауруханаларда қаптаған науқас. Ұзын-сонар кезек. Күшейтілген режим. Қазір емханалар ем іздеп жүргендер саны рекордтық деңгейге жетті. Дәрігерлер мен аурухана қызметкерлері жұмыс уақытын бірнеше сағатқа дейін ұзартуға мәжбүр болып отыр. Жұқпалы ауруға шалдыққандардың дені мектеп жасындағы балалар. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың солтүстік аймақтарында қазан айының ортасынан бері балалар пневмониясының көбеюін байқап отыр.

Қытай Халық Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті жергілікті БАҚ үшін баспасөз мәслихатын жасап, кейбір мәліметтерді хабарлады. Бұл туралы ақпаратты күн сайын әлемдегі жағдайды бақылайтын халықаралық жұқпалы аурулар қоғамы ProMED ресурсы жариялап отыр.

"Пекин, Ляонин және басқа да қалалардағы балалар ауруханалары толып кетті, мектептер жабылуға жақын. Ата-аналар биліктің індетті жасырып жатқанына алаңдаулы", - делінген ProMED хабарында FTV News арнасына сілтеме жасап.

Ата-аналар дүрбелең салып, клиникаларды кезіп жүр. Ауруханаға түскен науқастар дене температурасының көтерілуі, жөтел, жүрек айну, құсу, іш ауруына шағымдануда. Бұл жағдай әсіресе елдің солтүстігінде ерекше дендеп тұр. 

"Анализ нәтижесінен кейін баламның ағзасынан микоплазмалық пневмония мен тұмаудың А түрі анықталды. Жағдайы айтарлықтай ауыр боп тұр.  Аурухана кезегін күткен тұрғын көп. Талдау қорытындысын алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрдық. Біздің алдымызда кезекте 200 науқас тіркелген", - деді Бейжің тұрғыны.

Бүгінгі күнге дейін инфекцияның қанша адамнан анықталып, қанша адам көз жұмғандығы туралы ресми ақпарат жоқ. Қытай билігі не науқас санының азайып, не эпидемилологиялық жағдайдың тұрақталғандығы жөнінде де тіс жармай отыр. Ресми Бейжің педиаторлық-амбулаторлық көмекке сұраныстың жоғары екендігін тек бір айдан астам уақыттан кейін ғана жариялап отыр. Енді дәрігерлер өзге де созылмалы ауруы бар азаматтарға аса сақтану керектігі жөнінде дабыл қағып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу