Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономды ауданындағы бастауыш мектепте қайғылы оқиға орын алды. Ер адам оқушылар мен мектеп қызметкерлеріне пышақпен шабуылдаған. Салдарынан 40 адам зардап шекті. Оның үшеуі, яғни мекеменің директоры, күзетшісі мен оқушы ауыр халде. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, шабуыл жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8.30-да болған.
Қастандықты осы мектептің күзетшісі жасағаны анықталды. Бірақ оның мұндай қадамға неліктен барғаны белгісіз. Қазір құқық қорғаушылар осы іске қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ескере кететін жайт, Қытайда дәл осындай қылмыс түрі белең алған. Әсіресе соңғы жылдары мектеп оқушыларына, балабақшадағы бүлдіршіндерге пышақпен шабуылдайтындардың қатары көбейген.
Табиғат Нұрболат