Қытайдың Цинхай провинциясында қар барысын қорғау одағы құрылды, деп жазады inbusiness.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Оның құрамына Аспан асты елінің 90-нан астам мемлекеттік мекемесі, университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындар енді.
Одақтың құрылуы қар барысын қорғау жөніндегі қызметке қатысатын барлық тараптың күші мен ресурстарын біріктіруге әрі оңтайландыруға, сондай-ақ бірлескен басқаруды және қар барысын бірлесіп қорғауды қамтамасыз ету үшін тиімді ынтымақтастық жүйесі мен тетігін құруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
"Қарлы таулардың патшасы" деген атпен танымал қар барысы Қытайда бірінші санаттағы мемлекеттік қорғауда тұр және халықаралық табиғатты қорғау одағының осал түрлер тізіміне енгізілген.
Сарапшылардың бағалауынша, Саньцзянъюань ұлттық саябағында барыстардың саны 1200-ге жуықтаған.