Қытайда қазақ тілі мен мәдениетін үйрететін орталық ашылды

292

Қытай студенттері қазақ тілін үйреніп, ұлттық мәдениетімізбен таныса алады.

Қытайда қазақ тілі мен мәдениетін үйрететін орталық ашылды Фото: gov.kz

Қытайдың Шихэцзы университетінде Қарағанды техникалық университетінің қолдауымен Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді Қытай студенттері қазақ тілін үйреніп, Қазақстанның тарихы мен ұлттық дәстүрлерімен таныса алады.

Орталық Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен бірлесіп құрылған. Мұнда қазақ тілі бойынша сабақтар өткізіліп, Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен мәдени мұрасы таныстырылады. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың кездесулері, мәдени-ағартушылық іс-шаралар және бірлескен гуманитарлық жобалар ұйымдастырылады.

Жаңа орталықтың ашылуы екі жоғары оқу орны арасындағы он жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастықтың нәтижесі болды. Осы уақыт ішінде университеттер білім беру, ғылыми зерттеулер, студенттер мен оқытушылар алмасу бағыттарында бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Айта кетейік, 2012 жылдан бері Қарағанды техникалық университетінде Конфуций институты жұмыс істейді. Оның көмегімен қазақстандық студенттер қытай тілін меңгеріп, Қытай мәдениетімен танысуға мүмкіндік алған. Енді Қытай студенттері де қазақ тілі мен мәдениетін тереңірек зерттей алады.

Бұдан бөлек, екі университет арасында "Машина жасау" мамандығы бойынша үш жылдық қос дипломды магистратура бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында студенттер екі елде білім алып, бірлескен ғылыми зерттеулерге қатысады. Биыл бағдарламаның алғашқы түлегі У Сяоюй магистрлік диссертациясын сәтті қорғады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу