Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының дерегіне сүйенсек, елде жаңа коронавирусты жұқтырғандардың саны 80955 -ке, ал марқұмдардыкі 3162 -ге (үшеуі Гонкгонгте, біреуі Тайваньда ) жеткен. 61564 -і ем-дом қабылдап, жазылған екен.
Оңтүстік Кореяда 7755 кісінің ағзасынан Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус табылса, оның 242-і ауруды асқындырып жан тапсырған.
Ал Италияда марқұмдардың саны 631, індетке шалдыққандардың саны 10000-нан асты. АҚШ-тың 728 азаматы дертке шалдықса, оның 26-сы ажал құшты..
Еске сала кетсек, әлемді жайлаған COVID-19 деп аталатын жаңа коронавирус эпидемиясын ауыздықтауға АҚШ 8,3 млрд доллар көлемінде қаржы бөлген еді. 3 млрд доллары вакцина жасап шығару және зерттеу, диагностика жүргізетін құрылғы сатып алуға шығындалған. Әр штатқа кемінде 4 млн доллардан үлестіріліпті.
Оңтүстік Корея үкіметі эпидемиямен күреске 11,7 трлн вон ($9,91 млрд) шығындады. Бұл қаражат індеттен экономикаға келген шығын мөлшерін қысқарту және ЖІӨ көрсеткішінің құлдырауын болдыртпауға бағытталған.
Ал Дүниежүзілік банк 12 млрд доллар бөлді. Бұл қаражат дамушы елдердің денсаулық сақтау жүйесіне құйылып, эпидемияның экономикаға тигізіп жатқан зардабы шектелмек.
Табиғат Нұрболат