Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясының Цицикар қаласында мектеп жаттығу залының төбесі құлады. 10 адам қаза тапты, біреуі әлі де үйінділердің астында, деп хабарлайды Inbusiness.kz CCTV арнасына сілтеме жасап.
Бөлмеде 19 адам болды, олардың төртеуі сыртқа шығып үлгерген, 15-і үйінділердің астында қалды. Құтқарушылар қаза тапқан 10 адамның денесін алып шықты, төрт адам аман қалды. Құтқару жұмыстары жалғасуда.
Алдын ала мәліметтер бойынша, спортзалға іргелес оқу кешенін салу кезінде құрылысшылар шатырға перлит төсеу ережелерін бұзған. Жауын-шашын кезінде перлит ылғал жинаған, салдарынан шатырға салмақ түсіп, ақыры төбе опырылған. Оқу кешенінің құрылысына жауаптылар ұсталды.