Қытайда соңғы 20 жылда болмаған су тасқыны басталды. Жаңбырлы маусымнан соң, 19 елдімекендегі 279 өзен арнасынан асып, тасыған, деп хабарлайды Atameken Business.
Қазір Гуанси-Чжуан автономды ауданындағы 30 мың адам қауіпсіз жерлерге қоныс аударылды. Соңғы бір айда тасқын салдарынан осы аймақтың 17 азаматы суға кеткен. 2 мыңға жуық тұрғын үй құлап, 966-сы жарамсыз болып қалған. Егістік алқаптары шайылып кетті. Экономикаға келген шығын – 87 млн доллардан асады.
Синоптиктер жақын күндері елдің оңтүстік батыс, орталық және шығыс аймағында да нөсер жауатынын хабарлады. Жергілікті билік аталған аймақтардағы өзен жағалауын мекендеген халықты біртіндеп көшіріп жатыр.
"Қазір Гуанси-Чжуан автономды ауданындағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз. Су деңгейі түспей жатыр. Барлық құтқару қызметін осында жұмылдырдық. Экономикаға келетін шығынды барынша азайтуды амалын жасап жатырмыз", – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің аға инженері Жанг Жи.