Қытайда пиротехникалық заттар дүкенінде жарылыс болып, 12 адам көз жұмды

82

Жарылыс 4 қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы дүкенде болған.  

Қытайда пиротехникалық заттар дүкенінде жарылыс болып, 12 адам көз жұмды Фото: "Синьхуа" агенттігі

Жергілікті уақыт бойынша 18 ақпан күні 14:00 шамасында Қытайдың Хубэй провинциясының Сянъян қалалық округіне қарасты Ичэн уезінің Чжэнцзи кентіндегі пиротехникалық өнімдер сататын дүкендердің бірінде жарылыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Синьхуа" агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің жазуынша, оқиғадан кейін Қытайдың Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру, жараланғандарға жедел медициналық көмек көрсету, адам шығынын мүмкіндігінше азайту туралы тапсырма берген.

Қытай Мемлекеттік кеңесінің жанындағы Өндірістік қауіпсіздік комитеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің оқиға орнына арнайы жұмыс тобын жібергені белгілі болды. Ақпаратқа сәйкес, жұмыс тобы құтқару шараларын үйлестіру және апаттың себебін анықтау жұмысын бақылауға алмақ. 

Жарылыстан кейін қызыл жалын жылдам өршіп, оқиға орнын қою қара түтін басқан, жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіру техникалары жарылыс болған аумаққа суыт жеткен.

Бүгінгі күнде Қытай жұртшылығы дәстүрлі жаңа жыл – Көктем мерекесін тойлап жатыр. Осыған байланысты отшашуды пайдалану ережелерін сақтамаудан туындайтын оқыс оқиғалар көбейген. 15 ақпан күні Ляньюньган қаласының Дунхай уезінің Дунъань ауылындағы пиротехникалық бұйымдар дүкенінде де жарылыс болып, салдарынан 8 адам көз жұмған, 2 адам жарақат алған болатын.

Тергеуден анықталғандай, Ляньюньгандағы жарылысқа сатып алушының отшашуды дүкен алдында сынақтан өткізуі себеп болған. Жерге шаншылған отшашу желдің әсерінен қисайып, шашыраған ұшқын дүкендегі тауарға келіп түскен, оның соңы тізбекті жарылысқа ұласқан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу