Қытайлық дәрігерлер 67 жастағы науқасқа төс сүйегін кеспей, роботтандырылған жүйенің көмегімен жүрек ауыстыру операциясын сәтті өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ота Сиань Цзяотун университетінің Бірінші клиникалық ауруханасында жасалды. Мамандардың мәліметінше, мұндай технологиямен орындалған операция әлем бойынша үшінші рет жүзеге асырылып отыр. Жаңа әдіс жүрек ауруы асқынған науқастарға кеуде қуысын кеңінен ашпай-ақ хирургиялық ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Операция барысында хирургтер науқастың қабырғаларының арасынан ұзындығы 8 сантиметр болатын тілік жасап, робот манипуляторларын енгізу үшін тағы екі шағын тесік ашқан. Осы тәсіл арқылы төс сүйегін шамамен 20 сантиметрге дейін кесу қажеттілігі жойылып, қан жоғалту қаупі азайтылған.
Дәрігерлер 3D-визуализация технологиясын пайдалана отырып, роботтың көмегімен зақымданған жүректі алып тастап, оның орнына донорлық мүшені орналастырған.
Бөлім меңгерушісі Янь Янның айтуынша, роботтандырылған манипуляторлар адам қолына қарағанда анағұрлым дәл жұмыс істейді. Бұл, әсіресе, ауру тарихы күрделі науқастарда инфекция жұқтыру қаупін төмендетуге көмектеседі.
Қазіргі уақытта жүрек трансплантациясында роботтарды қолдану әлемдік медицинада әлі де тәжірибелік бағыттардың бірі саналады. Бұған дейін осындай операциялар 2024 жылы Сауд Арабиясында, ал 2025 жылы АҚШ-та жасалған.
Мамандардың пікірінше, жаңа технология егде жастағы немесе қосымша ауруларына байланысты дәстүрлі операция жасау қиын науқастарға хирургиялық ем алуға жол ашады.
Сиань ауруханасының жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің директоры орынбасары Ли Юнсиньнің мәлімдеуінше, операциядан кейін науқастың жүрек қызметі толық қалпына келген. Енді оған физикалық жаттығулар мен кардиологиялық оңалту арқылы күш-қуатын біртіндеп қалпына келтіруге көмектеседі.
"Науқас бір-екі айдан кейін қалыпты өміріне оралады деп күтеміз", – деді дәрігер.