Қытайда ерлі-зайыптыларға үшінші баланы дүниеге әкелуге рұқсат берілсе, халықтың қартаюы мәселесі шешіледі. Коммунистік партия орталық комитетінің саяси бюросы осындай пікірде, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Партияның құжатында Қытай Халық республикасының билігі демографиядағы өзгерістерге байланысты жүйелі түрде түрлі шаралар қабылдап, олардың барлығы да оң нәтиже көрсеткені жазылған. Бірақ соған қарамастан соңғы жылдары халықтың қартаю көрсеткіші өскен екен. Сондықтан келешекте бір отбасыға үш бала сүюге рұқсат беру арқылы жергілікті билік елдің адами ресурстар саласындағы артықшылығын сақтап қалмақ.
Еске сала кетсек, 1970 жылдардың аяғында Қытай халық санының күрт өсуін тежеу үшін "бір отбасы – бір бала" саясатын жүзеге асырған еді. Қала тұрғындары бір бала, ал ауылдарда тұратындарға егер біріншісі қыз болса, екі бала көтеруге рұқсат берілді. Уақыт өте келе бұл шаралар гендерлік теңгерімсіздік және халықтың қартаюы сияқты демографиялық проблемаларға әкеліп соқты.
Ескере кететін жайт, 2020 жылғы пандемия кезінде Қытайдағы халық саны 0,83 пайызға артып, 1,41178 миллиардқа жеткен. Бұл 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 72,06 миллионға (5,38%) көп. Жетінші халық санағынан кейін осындай мәлімет жарияланды. Алғаш рет Қытайда халық санағы 1953 жылы жүргізілген еді. Ол уақытта 600 миллион тұрғын тіркелген болатын.
Қазіргі таңда барлық отбасыларға екі балалы болуға рұқсат беріліп отыр.
Табиғат Нұрболат
Фото: globallookpress.com