Қытайда жасанды интеллект мамандарына сұраныс 47%-ға артты

372

​Елдегі жұмыс берушілер ЖИ саласында білімі бар жас мамандарды белсенді түрде іздеп жатыр.  

Қытайда жасанды интеллект мамандарына сұраныс 47%-ға артты Фото: chinadaily.com

Қытайда жасанды интеллект (ЖИ) бағыты бойынша білім алған университет түлектеріне сұраныс биылғы жылдың алғашқы бес айында 47,3%-ға өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы China Daily жазған еді. Ал, Maimai платформасының есебіне сәйкес, жұмыс берушілер ұсынатын бос орындар арасында ЖИ-мен байланысты қызметтердің үлесі бір жыл ішінде 26,41%-дан 37,56%-ға дейін артқан. Қазір жас мамандарға арналған әр он жұмыс орнының шамамен төртеуі жасанды интеллект дағдыларын талап етеді.

Технологиялық алпауыт Alibaba компаниясының HR өкілі қазіргі еңбек нарығындағы басты үрдіс – ЖИ мамандарына сұраныстың күрт өсуі екенін атап өтті.

– Түлектерге арналған бос орындардың 80%-дан астамы қазір ЖИ-ге қатысты. Бұған ірі көлемді тілдік модельдер, мультимодальды ЖИ, ЖИ инфрақұрылымы сияқты озық салалар кіреді, – деп түсіндірді HR маманы.

Maimai мәліметінше, жұмыс берушілер көбіне магистр дәрежесі бар мамандарды іздейді. Ең сұранысқа ие бағыттардың қатарында жасанды интеллект агенттерін әзірлеу, машиналық оқыту және мультимодальды жасанды интеллект бар.

Zhaopin.com платформасының деректері ЖИ мамандарына деген сұраныс цифрлық экономикадағы өсімнен де жоғары екенін көрсетеді. Жылдың алғашқы бес айында жасанды интеллект инженерлеріне арналған бос орындардың 21%-ы жоғары технологиялық жабдықтар мен ақылды өндіріс саласына тиесілі болған.

– Жасанды интеллект енді бағдарламалық жасақтама немесе микрочиптерді әзірлеумен шектелмейді. Технология өнеркәсіпте кеңінен енгізіліп, бүкіл өндіріс тізбегінің негізіне айналып келеді, – деп атап өтті платформа өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу