Қытайда жұмбақ вирус тарап жатыр. ДДСҰ сақтануға шақырды

350

Қытай астанасы Бейжің мен Ляонин провинциясында ауруханалар науқасқа лық толы.

Қытайда жұмбақ вирус тарап жатыр. ДДСҰ сақтануға шақырды Фото: Inbusiness.kz

Елде вирусқа шалдыққандар саны күрт артып, орташа есеппен күніне 7 мың адам ауру жұқтырып отыр. Қытай Денсаулық сақтау министрлігі науқастар үшін емхана жетіспей жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жергілікті билікке ауруханалар санын арттыру жөнінде тапсырма берілген. Тұмау өршіп, пневмонияға ұласып жатыр. Жұқпалы инфекция, әсіресе, балалар арасында кең тарап кетті. Қытай басылымдарының мәліметі бойынша, белгісіз ауру кесірінен мектептердің біраз бөлігі карантинге жабылған.

Әуелі дене қызуым көтерілді, артынша құрғақ жөтел басталды. Дәрігерлер бұл микоплазмалық инфекциядан туындаған пневмония деп отыр, деп мәлімдеді "Хабар 24" телеарнасы.

“Клиникалық тұрғыдан біз науқастардың жағдайы айтарлықтай нашарламайтынын анықтадық, өйткені Қытай көптеген жылдар бойы микоплазмалық пневмониямен күресіп келеді. Бірақ оның шығу себебі әлі толық анықталған жоқ”, - дейді балалар ауруханасының директоры Чжао Шуньин.  

Қытайда жаппай бетперде кию басталды. Бұл Дүниежүзілік денсаулық ұйымын алаңдатып отыр. Ұйым Қытай билігінен балалар арасында пневмонияның өршуі әдеттегі маусымдық аурулармен байланысты екенін дәлелдеу мақсатында қосымша эпидемиологиялық және клиникалық ақпарат пен зертхана сынамаларының нәтижелерін сұраған еді. Бұған қатысты Қытай шенеуніктері жаңа патогендер немесе ерекше клиникалық белгілер анықталмағанын, тек белгілі патогендердің көптігінен тыныс алу жолдарының ауруы асқынғанын алға тартады. 

"Біз инфекцияның алдын алу және емдеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ ауыр жағдайларды анықтау тиімділігін жақсартуымыз керек. Қажетті емханаларды көптеп ашып, қызмет көрсету сапасын арттыруға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге барынша күш салуымыз қажет", - деді Қытай ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының өкілі Ми Фэн.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай билігінің мәлімдемесіне сенімсіздікпен қарап отыр. Ұйым ресми Бейжіңнің 2003 жылы коронавирус тудырған пневмонияны жасырғанын, сондай-ақ 2019 жылы тарала бастаған COVID-19 індеті туралы алдын ала хабарламағанын еске салды.

Әлемдік сарапшылар да бұл пікірді қостайды. Олар халықты қауіптен сақтануға шақырады. Бұл туралы шетелдік БАҚ жарыса жазуда. Нидерландық вирусолог Марион Купманс Қытай тарапы бұл індет туралы нақты деректер бере алмай отырғанын жазды.

"Барынша індеттен сақтануымыз керек! Дерт жөнінде деректер аз, анық көз жеткізуіміз үшін нақты дәлелдер қажет", - деді ол.

ДДСҰ сақтануға шақырды. Қытай билігі адамдардың бір жерге топталып жиналуына шектеу қойып жатыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз тарапынан Қытай тұрғындарын тиісті вакциналарды салдыруға, үнемі бетпердемен жүруге және қолды жиі жууға шақырды. Оның үстіне Уханнан тараған коронавирус қорқынышы әлі сейілген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу