Қытайдағы қазақстандық студенттерді қандай мәселелер мазалайды

1133

Қытайдағы қазақстандық студенттерді қандай мәселелер мазалайды

2016 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығы өкілдерімен (KSAC), Бейжің қаласында білім алып жатқан докторанттар және магистранттармен жылды қорытындылау мақсатында дәстүрлі кездесу өткізді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Қытайдағы Қазақстан студенттер бірлестігін мазалайтын маңызды және өзекті мәселелер төңірегінде: дарынды және білімді түлектердің жұмысқа орналасуы, Қытай кәсіпорындары мен ҚХР аумағындағы ҚР мекемелерінде тәжірибеден өту, Бейжің шет тілдер университетіндегі "Қазақстан Орталығы" қызметінің маңызы және т.б. туралы еркін түрде пікір алмасты.

Ш.Нұрышев қазақстандық студенттердің белсенді қатысуымен ҚР Тәуелсізідігінің 25 жылдығына орай Бейжің, Үрімші, Сиань және Шанхай қалаларында іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол 2016 жылдың мамыр айында Чунцин қаласында өткен 5-ші Қытайдағы қазақстандық студенттердің құрылтайына оң баға берді. Бұл құрылтайға Бейжің, Шанхай, Ухань, Сиань, Үрімжі, Ланьчжоу, Нанкин, Тяньцзинь, Шэньян және Гуанчжоу қалаларында білім алып жатқан 100-ден астам студент қатысқан.  

Елші қазақстандық студенттердің еліміздің оң имиджін қалыптастырудағы, "100 нақты қадам" мемлекеттік бағдарламасы, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық идеясы, "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты мен оның "Бір белдеу, бір жол" қытайлық бастамасын дамытуда маңызды рөл ойнайтынын атап өтті.

Шахрат Нұрышев студенттерді "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі мен студенттердің қысқы 2017-Универсиадасына, сонымен қатар Қазақстандағы Қытай туризмі жылы аясында еріктілер қозғалысына атсалысуға шақырды. Елші белсенді студенттерді алғыс хаттармен марапаттады.  

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Қытай аумағында бакалавр, магистратура, докторантура мен тілдік тағылымдамаларда 11 мыңнан астам қазақстандық білім алуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу