АҚШ жасанды интеллектіні дамыту жағынан Қытайдан алда келеді және бұл қарқынды сақтап қалу қажет. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазір ЖИ саласында Қытайдан алда келеміз деп айта аламын (...). Оның осылай жалғасқанын қалаймын, себебі ЖИ бәйгесінде кім озып шықса, өзге салада да мерейі үстем болады", – деді Ақ үй басшысы Ирландия журналистеріне берген сұхбатында.
Осы аптада АҚШ-тың алдыңғы қатарлы жасанды интеллект әзірлеушілері бұл технологияның адамзатқа ықтимал қаупі туралы ескерткен болатын. Трамптың мәлімдемесі бұған жауап ретінде айтылды.
Ақ үй басшысы ЖИ саласына адамды қатерден қорғайтын шектеулер енгізуге қарсы емес екенін жеткізді. Оның пікірінше, ЖИ-ге қатысты мұндай қауіптер ойдан шығарылған болуы да мүмкін.
"Белгілі бір қорғаныс тетіктері немесе осыған ұқсас шаралар туралы ойлануға болады. Алайда, меніңше, бұл жерде ешқашан болмайтын нәрселер бойынша дабыл қағып, кері әсер етіп жатқан күштер бар", – деді Дональд Трамп.