Қазақстан арқылы Қытайдан Ауғанстанға тауар жеткізу мәселесі талқыланды

247

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қазақстан арқылы Қытайдан Ауғанстанға тауар жеткізу мәселесі талқыланды Фото: Сауда және интеграция министрлігі

2024 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 330,7 миллион долларға жетті.

Алматыда 21 қазан күні Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Cауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи арасында өткен арнайы салалық панельдік сессиялар мен екіжақты кездесуде қатысушылар Қытайдан Ауғанстанға тауар жеткізу логистикасының өзекті мәселелерін және Қазақстан арқылы транзиттік жолмен қайтарымды логистиканың мүмкіндіктерін талқылады.

Басты мәселелердің бірі – логистиканы арзандатуға қажетті вагондар мен контейнерлердің қайтарымды жүктелуі. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев кездесуде Ауғанстаннан Қазақстанға импорттық тауарларды қайтарымды жүктеуге қатысты Қазақстан тарапынан жүргізілген мүмкіндіктер анализі туралы айтып берді.

Қазақстан негізінен жемістер, көкөністер, құрма, бұршақ және басқа да азық-түліктерді импорттауға қызығушылық танытып отыр.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров бос контейнерлер мен вагондарды қайтарудың екі нұсқасын ұсынды.

"Бос контейнерлерді қайтару қиындықтарын ескере отырып, Ауған тарапына пойыздардың айналмалы қозғалысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Яғни, Қытайдан келген тауарлары бар контейнерлер Қазақстан арқылы Ауғанстанға барады, онда ауған тауарларымен жүктеледі, кейін Карачи порты арқылы Қытайға кетеді", – деді ол.

Екінші нұсқа – жүк пойызы Ауғанстанға жетіп, ауған тауарларымен жүктеліп, Қазақстанға қайтады, онда жүктелген тауарлармен Қытайға жөнелтіледі.

Кездесу барысында екіжақты сауда көлемін 3 миллиард доллар АҚШ-қа дейін арттыру мақсатында автотасымалдар мен карантиндік өнімдер туралы құжаттарды әзірлеу және қол қою қажеттілігі талқыланды.

Тараптар Қытай-Қазақстан-Ауғанстан маршруты бойынша ауған тауарларын тасымалдау үшін логистикалық хаб құру мүмкіндігін қарастырды. Бұл тасымал логистикасын едәуір арзандатуға мүмкіндік берер еді.

Серік Жұманғарин Ауған тарапына Қазақстанның Сиань қаласындағы құрғақ порт, Ляньюнган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық терминалы және болашақта Үрімші құрғақ портында салынып жатқан терминалдың мүмкіндіктерін пайдалану ұсынысын білдірді.

"Біз логистиканы жеңілдетіп, реттей аламыз, бірақ біздің екіжақты қатынастарымызды айтарлықтай жандандыру үшін өндірістік кооперация жобалары қажет", – деді Қазақстан вице-премьері.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ауғанстанның аймақтық форумын ұйымдастыруға келісім жасады. Онда Ауғанстан провинциялары мен Қазақстан аймақтары өзара пайдалы кооперация жобаларын талқылай алады.

Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 316,5 миллион долларды құрады. Оның ішінде ұн, күнбағыс майы, табиғи газ және тыңайтқыштар бар. Ауғанстаннан импорт 14,1 миллион долларды құрады, негізгі тауарлары минералды сулар, жемістер, шырындар және алюминий өнімдері болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу