2020 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-дан Қазақстанға теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2019 жылдың деңгейден 13%-ға өсіп, 7,6 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) Жүк тасымалы жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында айтылды, деп хабарлады inbusiness.kz порталы.
Онлайн режимінде өткен жиында "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов күн тәртібіндегі басты тақырып – ҚХР-мен шекарада жүктерді өткізу, тасымалдау процесіне қатысушылардың халықаралық келісімдер нормаларын орындауы жөнінде болатынын айтты.
"ҚХР-дан Қазақстанға теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2019 жылдың деңгейден 13%-ға өсіп, 7,6 млн тоннаны құрады. Ал Қазақстаннан ҚХР-ға теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 30%-ға артып, 14 млн тоннаға жеткен. Өткен жылдың қараша айынан бастап ҚХР тарапынан карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты Қытай, соның ішінде дәнді дақылдар да бар жабық вагондарды қабылдамайды. Ресейде де осындай жағдай қалыптасты", – деп жазылған "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы Жүк тасымалы жөніндегі комиссиясының кезекті отырысына Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Корей Халық Демократиялық Республикасы және Моңғолияның теміржол әкімшіліктері өкілдері қатысуда.
Комиссия өз жұмысын 19 наурызда аяқтайды. Келіссөздердің қорытындысы ТЖЫҰ комиссиясы кеңесінің хаттамасына қол қоюмен аяқталады.