Лондонға Қытайдан шыққан тауар тиелген бірінші пойыз келді. Жүк пойызы 1 қаңтарда Чжэцзян аймағынан шығып, Еуропаға 18 күн сапар шекті деп жазады ВВС-ке сілтеме жасап 7күн.
Оның жолы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Франция арқылы 12 мың шақырымды басып өткен. Пойыздағы негізгі жүк — Қытайда өндірілген киім-кешек пен басқа да тауарлар. Британияға барлығы 34 контейнер тауар жеткізілді.
Алдағы уақытта осы бағдар бойынша пойыздар апта сайын жіберіледі деп жоспарланып отыр. Идея авторларының сөзінше, пойызбен жүк тасу теңіз жолына қарағанда жылдам және ұшаққа қарағанда арзанға түседі.
Британия ҚХР-мен тікелей теміржол қатынасын орнатқан Еуропадағы 18-ел атанды. Соңғы уақытта Қытай "Жаңа жібек жолы" мемлекеттік жобасының аясында Еуропа елдеріне бағытталған теміржол саудасын ұлғайтып жатыр. Жүк жөнелту екі бағытта да жүреді. Еуропадан Қытайға өткен жылы 502 жүк пойызы жіберілген. Германиядан ет өнімдері, Франциядан шарап, ал Ресейде ағаш сүргісі тасымалданады.
Қытайдың Еуропа қалаларына қырық шақты теміржол бағдары бар. 2015 жылы қытай экспортының көлемі 2,27 трлн долларды құрады, бірақ бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 2,34 трлн долларға азайған.