Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қытайдан тауар өткізуге шектеу жоқ екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта бірқатар тауар сатушы Қытаймен шекара жабылғанын сылтауратып азық-түлікке бағаны көтере бастады. Осыған орай, Қазақстанның тауарлар айналымы Қытайдан да, Қытайға да тоқтатылмағанын хабарлаймын. "Қытаймен шекара жабылып, баға өседі" деген дұрыс емес. Қытайдан тауар өткізуге шектеу жоқ. Тек коронавирусқа байланысты жолаушылардың ары-бері жүріп-тұруына ғана қатысты кейбір мәселелер бар", – деді министр.
Министр бағаны көтеру туралы сөз байласу әрекетін білген адамдардан "жедел желі" нөміріне хабарлауын сұрады.
"Бұл бағаны көтеруге қолданылатын бизнестің жосықсыз әрекеті. Егер базарларда немесе сауда нысандарында баға туралы сөз байласудың куәгері болсаңыз, (7172) 75-16-32 "жедел желі" арқылы хабарласуыңызды сұраймын. Ондай фактілерге монополияға қарсы агенттік, салық салу органдары дереу көңіл бөліп, талдау жасайды. Содан кейін тиісті органдар ондай сөз байласуға қатысты келеңсіздіктерді жояды, әрі бағаны көтерген кәсіпкерге заңмен белгіленген тиісті шараларды қабылдайды. Заң бұзғандарға айыппұл тағайындалады", – деді Бақыт Сұлтанов.
Нұржан Көшкін