Қытайдың экс-министрі пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді

538

Бұрынғы шенеунік жасаған ісіне өкінетінін айтқан. 

Қытайдың экс-министрі пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді Фото: Гордон

ҚХР бұрынғы ауыл шаруашылығы және ауыл істері министрі Тан Жэньцзянь жексенбі күні аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл жазаның орындалуы екі жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Елдің солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясы, Чанчунь қаласының орта деңгейлі халық соты тиісті үкімді шығарды. Экс-шенеунік саяси құқықтарынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ, оның барлық жеке мүлкі мен заңсыз табыстары мемлекет пайдасына тәркіленеді.

Белгілі болғандай, 2007 жылдан 2024 жылға дейін түрлі лауазымдарда қызмет еткен Тан Жэньцзянь қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған. Оның белгілі бір ұйымдар мен жекелеген адамдарға шаруашылық қызмет жүргізуге, жобалар бойынша келісімшарттар жасасуға, кадрлық ауыс-түйістер секілді мәселелерде көмектескені анықталды. "Жұмысы" үшін Тан 268 миллион юаньнан астам қаржы мен материалдық құндылықтар түрінде пара алған.

Соттың Тан Жэньцзянь жасаған қылмыстық әрекеттері үшін өлім жазасына лайық деген тоқтамға келді. Десек те, бұрынғы министрдің өз айыбын мойындауы, заңсыз алған табыстарын қайтаруы және басқа да жеңілдететін мән-жайлар ескерілді.

Іс 25 шілдеде қаралды. Соңғы сөзінде Тан Жэньцзянь жасаған ісіне өкініш білдірді. Егер ол екі жыл ішінде тәртіп бұзбай, жаңа қылмыс жасамаса, онда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу