Қытай АҚШ агенттеріне іздеу жариялады

343

Олар – Кэтерин Уилсон, Роберт Снеллинг және Стивен Джонсон. 

Қытай АҚШ агенттеріне іздеу жариялады   Фото: China & Asia Cultural Travel

Харбин қаласының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы 2025 жылдың 16 сәуірінде Weibo әлеуметтік желісі арқылы таратқан ресми мәлімдемесінде АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) үш агентіне халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қытай билігінің мәліметінше, бұл тұлғалар Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындары кезінде елдің маңызды ақпараттық инфрақұрылымдарына бағытталған кибершабуылдарға тікелей қатысқан.

Ресми дерек бойынша, 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында өткен халықаралық спорт додасы кезінде Харбин қаласының ақпараттық жүйелеріне және Хэйлунцзян провинциясының негізгі цифрлық платформаларына сырт елдерден 270 мыңнан астам хакерлік шабуыл жасалған. Бұл шабуылдардың 63,24%-ы, яғни шамамен 170 мыңнан астамы АҚШ аумағынан бағытталғаны анықталған.

Харбин қаласының құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, күдікті деп танылған америкалық агенттер тек спорттық шараларға ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне қатысты өзге де инфрақұрылым нысандарына және Huawei секілді ірі компанияларға бағытталған кибершабуылдарға қатысқан. Тергеу нәтижелері олардың әрекеттерін Қытай заңнамасы бойынша ауыр қылмыс ретінде бағалап, оларға халықаралық іздеу жариялау және ақпарат берген адамдарға сыйақы тағайындау туралы шешім қабылданды.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың Компьютерлік вирустарға қарсы жедел шаралар ұлттық орталығы 3 сәуірде жариялаған арнайы есебінде де бұл шабуылдардың көлемі мен сипаты егжей-тегжейлі баяндалған.

Қытай билігі мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қойып, ұлттық киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты мақсаттардың бірі ретінде атап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу