Шығыс Қазақстандағы Марқакөл ауылына жол тартсаңыз Қалжыр ауылынан асқаннан кейін телефоныңызға "Қытайға қош келдіңіз" деген хабарлама келеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Жергілікті тұрғындар көрші елдердің байланыс операторлары біздегілерден басым түсіп тұрғанын айтады.
Осыдан бір ай бұрын Марқакөл ауылына жол тартқан болатынбыз. Қалжыр аулынан асып жарты жолға барғанымызда телефонымызға дәл сондай хабарлама келді. Шекаралық аудандардың кей өңірлерінде байланыс жүйесінің сапасыз екендігі айтпасада түсінікті. Десе де көрші елдің байланыс толқыны біздің аудандарға дейін жетіп жатқанына таң қалдық.
"Марқакөл Шығыс Қазақстанның ауданы болып есептеледі. Қытайдікі емес. Бораннан өтіп Марқакөлге таяғанда хабарлама келеді", - дейді ауыл тұрғыны.
Көрші елдің байланыс жүйесінің біздікінен әлдеқайда басым екенін Күршім ауданның әкімдігі де растап отыр.
"Бұл көрші мемлекеттің байланыс операторының күштілігін көрсетеді. Біздікін басып өтеді. Біз бір байланыс мұнарасын қойсақ маңайымыздағы ауылдарға жетпейді", - дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.
Аталған мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров талай көтерген болатын. Бірақ мәселе әлі шешілмеді.
"Шекаралық аудандарда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететін ең негізгі мәселе сол аудандардағы шетелдік ұялы байланыс операторларының жұмыс істеп тұрғаны. Мысалы қытайға қарайтын болсақ, Зайсан, Марқакөл, Мақаншы, Тарбағатай аудандарында қытайдың байланыс жүйесі істеп тұр, - деген болатын Ерлан Сайыров.
Марқакөл ауылының тұрғындары бұндай хабарламалар кері әсер ететінін айтты.