Қытайлар Қазақстанға қарағанда Моңғолияға жиі саяхаттайды

1303

Моңғолияға келетін туристердің 52% қытайлар құрайды.

 Қытайлар Қазақстанға қарағанда Моңғолияға жиі саяхаттайды

16-18 қарашада Қазақстан делегациясы China International Travel Mart 2018 халықаралық туристік көрмесіне қатысты. 71 елден 527 экспонент орналастырылған көрмеге жалпы саны жүз мыңнан аса адам келді, деп хабарлайды "Kazakh Tourism" ҰҚ баспасөз қызметі.

Қазақстанның аталмыш көрмеге қатысуының стратегиялық маңызы зор. Қытай елі бізге көрші болғанымен, статистикаға сүйенсек, қытайлықтар Қазақстанға қарағанда, Моңғолияға жиі саяхаттайды екен (Моңғолияға келетін туристер жалпы санның 52% қытайлар құрайды). Осы ретте Шанхай көрмесіндегі негізгі лек Қытай компаниялары болғандықтан, Қазақстанға саяхаттауға жақсы таңдау екенін жеткізу басты міндет болды. Бұл мақсатта құрамында "Kazakh Tourism" ҰҚ-ның және бірнеше туристік фирманың өкілдері бар Қазақстан делегациясы жоспарлы түрде дайындық жүргізді.

Қазақстан стендінде ұлттық бұйымдармен жабдықталған киіз үй және Алматы облысындағы Айғайқұм бейнесіндегі фотоаймақ орнатылған, меймандарды "Арлан жете" театры әртістері қарсы алды. Таңдалған бағыт та қазіргі уақытта сұранысқа ие бағыттардың бірі - Қазақстанды этномәдени элементтері бар экотуризм орталығы ретінде таныстыру негізге алынды.  

"Биыл осымен екінші рет Қытайдағы көрмеге қатысуымыз. Осыған дейін Бейжіңде роуд-шоу өткізіп, Қазақстанға қытайлық миллионер-блогерлерді де шақырдық. Қысқы демалыс пен тау-шаңғы туризмі бағыты бойынша жұмыс істейтін туроператорларға арнайы тур ұйымдастыру да жоспарда бар. Қазақстанға деген қызығушылық тұрақты түрде артуда, сол себепті жоғарыда аталған жұмыс келер жылы өз нәтижесін береді деп күтудеміз", - деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ төраға орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Көрмеде #Travel2Kazakhstan хештегі бойынша қонақтар арасында байқау өткізіліп, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік болды. Қазақстанды таптырмас туристік бағыт ретінде таныстыратын видеороликтер көрсетіліп, қытай тілінде ақпарат қағаздары үлестірілді. Бұдан бөлек Abdi Travel, Explore Central Asia, Intertourasia, QTrip, Uni tour, SkyWay Travel, Triumph Travel туристік фирмалары өз топтамаларын ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу