Қытайлар салып жатқан ШҚО-дағы күн электр станциясы келер жылы аяқталады

1840

Күн панельдері қойылатын 66 гектар аумақ қоршалған. Нысан жобалық қуатына толық енгеннен кейін жылына 45 млн МВт электр энергиясын өндіреді.

Қытайлар салып жатқан ШҚО-дағы күн электр станциясы келер жылы аяқталады

ШҚО Жарма ауданында күн электр станциясы салынып жатыр. Бұл нысан Астанада өткен "ЭКСПО-2017" көрмесінің жемісі болмақ. Құрылыс жұмыстарымен ауданға іссапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов танысты, деп хабарлайды abctv.kz.

Балама энергияның үлесін арттыру мақсатында қолға алынған жобаның құны – 17,5 млрд теңге. Қытайдан инвестиция тартып отырған "Жаңғыз Solar" компаниясы өзі өндірген энергияны KEGOK, "ШҚ РЭК" АҚ арқылы ел аумағына таратпақ.

"Біз осындағы өзге де электр өндіруші компаниялар сияқты токты тасымалдаушыларға сатамыз. Салықтөлеуші ретінде Жарма ауданына тіркелдік. Яғни барлық алым-салық түсімдері жергілікті бюджетте қалады" –дейді "Жаңғыз Solar" ЖШС-нің жобаға жауапты жетекшісі Хуадже Ян.

66 гектар аумаққа күн панелін орнатуға қажет қомақты қаражатты қытайлық инвесторлар бөлуге ниет танытқан. Олар стансаны 2019 жылдың шілде айында қолданысқа беруге бекініп отыр

"Жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізіп болдық. Барлық сметалық құжаттары, техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Күн панельдері қойылатын 66 гектар аумақ қоршалды. Электр магистраліне ток беретін қосалқы стансаның іргетасын қалап жатырмыз. Нысан жобалық қуатына толық енгеннен кейін жылына 45 млн МВт электр энергиясын өндіреді" – дейді жоба жетекшісі.

Жаңғызтөбе кентінде бұдан бөлек екі жел электр станциясын салу жоспарланған. Әзірге бұл жобалардың жетекшілері сараптама құжаттарын пысықтап үлгермей жатыр.

"Мұнда бүкіл облысқа электр таратып тұрған торап бар. Инвестордың бәрі сондықтан біздің кентті таңдайды",–дейді кен әкімі Қайырғазы Закимов.

Жаңғызтөбе кенттік округінің аумағында арысы Талдықорғанға, берісі Аягөз бен Зайсанға электр таратып тұрған үлкен торап бар. Күннің қызуынан желдің ызыңы қатты болғанына қарамастан, қытайлық инвесторлардың Жаңғызтөбе жазығына күн панелін орнатпақ болуының астарында осындай себеп жатыр. 

Бұл нысан іске қосылғанда облыста өндірілетін  балама энергияның үлесі екі пайызға жетеді деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу