Ақмола облысында Қытайлық инвестормен бірлескен 41 миллиард теңгелік жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл туралы LS-ке облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мәлім еткен. Ал зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасын Қытай тарапы жүзеге асырып жатқаны айтылды.
"Облыста майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Қазіргі кезде инфрақұрылым салуға арналған жобалық-сметалық құжаттардың оң қорытындысы әзірленіп, қолға берілді. Атап айтқанда, электр қуатын, кәріз жүйесін тарту, теміржол тұйығы мен бірінші және екінші көтерудің ашық өрт сөндіру бекеттерін салу мақұлданған. Жобаның серіктестері карантин шараларына байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы уақытында әзірлей алмады. Құжаттар әзір болған кезде еліміздің құрылыс нормаларына сай қайта бейімделеді", – деп түсіндірді басқармада.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, жоба екі кезеңде жүзеге асырылып, барлық жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.