Шымкентте қытайлық Wan Sheng Ceramics компаниясы "Жұлдыз" индустриялық аумағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі, яғни, керамикалық плитка шығаратын зауытын іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Аталған зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Оның ашылуы ішкі нарықты жергілікті құрылыс материалдарымен, атап айтқанда керамикалық плиткамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, зауыттың құны 25,5 миллиард теңге, жалпы аумағы 32 гектар екенін мәлімдеді. Құрылысы 2023 жылы басталған кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылған. Цехтарда заманауи технологиялық жабдықтар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады.
"Бірінші кезеңді іске қосу аясында компания жыл сайын 12,7 миллион шаршы метр керамикалық плитка шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндіріс қуаттылығы екі есеге 25,4 миллион шаршы метрге дейін артып, қосымша 350 жұмыс орны ашылады", – делінген хабарламада.