Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қытайлық инвесторлар энергия жинақтау жүйелері бар жел электр стансаларын салатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанда бүгінгі таңда жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 162 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Өндіріс үлесі ел бойынша жалпы генерацияның 7%-ын алады. 2025 жылы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергетика станциясы іске қосылды. ЖЭК электр энергиясын өндіру 8,6 млрд кВт/сағ құрады, бұл 2025 жылғы жоспарға қарағанда 19,4%-ға артық", – деді ведомство басшысы министрліктің алқа отырысында.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, елімізде алғаш рет үлкен қуатты жел станциясын іске асыру бойынша аукцион өткізілді. Халықаралық қытайлық компаниямен ірі күн электр станциясын салу бойынша келісім жасалды.
"2026 жылға арналған жоспарлар: ЖЭК электр энергиясын өндіру – 8,8 млрд кВт/сағ; жиынтық орнатылған қуаты 245,8 МВт болатын 10 жаңартылатын энергия көздері жобасын іске асыру. Қазақстан Үкіметі мен қытайлық инвесторлар арасында энергия жинақтау жүйелері бар жел электр стансалары жобалары бойынша Келісімдерге қол қойылады. 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту Тұжырымдамасын өзектендіріледі. "Баламалы энергия көздері туралы" заң қабылданады", – деп атап өтті Энергетика министрі.